Математика, физика және информатика пәндері онкүндігі

Мақсаты: Оқушылардың математика, физика және информатика пәндеріне қызығушылықтарын арттыру арқылы өздерін еркін, өзіндік дәлел-уәждерін сенімді жеткізе білетін, ынталы, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы қалыптастыру.

Міндеттері:

  • оқушылардың математика, физика және информатика пәндерін оқуға қызығушылығын арттыру;
  • нақты ғылымдардың ХХІ ғасырда алатын орнын бағалауына, білімге деген қажеттілікті саналы түрде түсінуіне жол ашу;
  • ашық сабақ, сабақтан тыс іс-шараларды өткізу арқылы пән мұғалімдерінің шығармашылығын шыңдау;
  • озат тәжірибені тарату.

Математика, физика және информатика пәндері  бірлестігінің онкүндігінің ашылуы 5-11 сынып оқушыларының  қатысуымен салтанатты түрде өткізілді. Әдістемелік бірлестіктің жетекшісі Е.А.Есмурзина онкүндіктің жоспарын оқушылар мен ұстаздар қауымына таныстырды. Онкүндікте әртүрлі сайыстар, интеллектуалды ойындар, ашық сабақтар, олимпиадалар өтетінін атап өтті. Кеш сазды әуенмен жалғасын тапты.

Жоспар бойынша 28 ақпан күні физика пәні мұғалімі Б.К.Жандаева «Өткізгіштерді тізбектей және параллель жалғау. PARALLEL AND SERIES CONNECTIONS OF RESISTORS» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты: өткізгіштерді тізбектей және параллель жалғауда тізбек бөлігі үшін Ом заңын қолданып, электр тізбектеріне есептеулер жүргізу. Ұйымдастыру кезеңінде сыныпты карточкалар арқылы үш топқа бөлді. Карточкадағы жалғау түрлерін оқушылар практикада жүзінде көрсетті. Тақырыпқа сәйкес сұлбалар арқылы жаңа тақырып анықталды. Тақырып анықталғаннан кейін оқушыларды сабақтың мақсаты мен бағалау критерийлерімен таныстырды. Өткен сабақты қайталау барысында жұптық жұмыс жүргізіліп, ағылшын тілінде сөйлемді толықтырып, өткізгіштерді тізбектей, параллель және аралас жалғауды түсінгенін көрсетті. Топтық жұмыста 4 тапсырма  орындалып, «ИЯ,  ЖОҚ» «YES, NO» сәйкестендірді. «БҮҮ» кестесі арқылы бағалау парақшасын толтырды. Сабақтың соңында кері байланыс жүргізіліп, стикерлерге өз ойларын жазды. Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалана отырып, оқушылардың физика пәніне деген қызығушылығын арттырды. Сабақ барысында оқушылар ағылшын тілінде еркін сөйлеп, білімдерін жоғары деңгейде көрсете білді. Сабақ деңгейі мұғалімнің шеберлігінің айқын көрінісі болды.  

Информатика пәні мұғалімдері Ү.Ш.Малдыбаева мен Э.А.Молдамирзаева 1 наурыз күні «Роботтар биі» атты флешмоб ұйымдастырды. Оқушылардың салауатты өмір салтын сақтау және балалар арасында  дене белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға   5-6 сынып оқушылары қатысты.

Информатика пәні мұғалімі Ү.Ш.Малдыбаева  2 наурыз күні «Мультимедианы енгізу» атты тақырыбында 10 «А» сыныбында ашық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты: Веб -бетте мультимедиа нысандарын енгізу үшін HTML тегтерін қолдану. Сурет қиындыларын біріктіру арқылы екі топқа бөлді. Берілген суреттерді құрастыру арқылы жаңа сабақтың тақырыбы анықталды. Kahot программасы арқылы оқушылардың үй тапсырмаларын тексеріп, олардың жинаған ұпайлары экранда көрсетілді. Тест алты сұрақтан тұрды және сұрақ жауаптары түрлі түстермен белгіленді.  Әр оқушы бағалау парағы арқылы өзін-өзі бағалады.  http://learningapps.org/138127 программасында оқушылар Web бет құру үшін қолданылатын тегтерді сәйкестендірді. Бұл тапсырмада жұптық жұмыс жүргізіліп, бірін-бірі бағалады. «Кластер» әдісі арқылы топтық жұмыс жүргізілді. Топтық тапсырмалар беріліп, оқушылар постер қорғады. «Екі жұлдыз бір тілек» әдісі арқылы бағалау жүргізілді. Дербес компьютермен жұмыс барысында сурет, аудио, видео файлдарды қолданып, Web сайт құрастырды. «Рефлексия пирамидасы» арқылы кері байланыс жүргізілді. Оқушылар стикерлерге өз ойларын жазды. Әр бөлім оқушылар үшін  қызықты, әрі көңілді өтті.

Математика пәні мұғалімі А.Мухамбет  2 наурыз күні 11 «А» сыныбында «Көрсеткіштік теңдеулер» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Мақсаты: Көрсеткіштік теңдеудің тәсілдерімен танысу арқылы теңдеулерді шешу. Берілген озық міндеттер арқылы жаңа сабақтың тақырыбын, мақсатын оқушыларды қатыстыра отырып айқындады. Мұғалім интербелсенді тақтада слайд арқылы жаңа сабақты түсіндірді.  Оқушылардың белсенділігі білім тексеру кезіңінде, жаңа сабақ барысында, бекітуде байқалды. Сыныпты үш топқа бөліп, қазақтың ұлттық ойындарымен байланыстырып, тапсырмалар орындалды.  Әр топтан бір оқушыдан шығып, асық ату ойынын ойнады. Ұяшыққа түскен асыққа байланысты сол ұяшықтағы есепті тақтаға шығарды. Оқушылар топпен белсенді,  ынтымақтасты жұмыс жасап отырды және берілген тапсырманы орындауда белсенділік көрсетті. Оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілеттері ескеріліп, сабақтың әр кезеңінде қызығушылығын ояту көзделді. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ойын арқылы берілген тапсырмалар өз шешуін тауып, оқушылар өз деңгейлерінде бағаланды. Оқушылар кері байланыс арқылы өздерінің сабақтан алған әсерлерін, ұсыныс – тілектерін стикерге жазып, тақтаға ілді. Жоспарлап келген жұмыс түрлері толығымен іске асып, мұғалім сабақ мақсатына толық жетті.

Математика пәні мұғалімі Зайып Роза  3 наурыз күні 7 «А» сыныбында «Қысқаша көбейту формулалары» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты: қысқаша көбейту формулаларын пайдаланып, есептерді тиімді тез қолдануға үйрету. Сабақ кезеңдерінде  түрлі әдіс –тәсілдерді ұтымды қолдану арқылы оқу мазмұнын нәтижелі меңгеруіне жағдай жасады. «Миға шабуыл»  әдісін пайдаланып,  қысқаша көбейту формулалары  ұғымын оқушылар өздері тұжырымдауға жетекші сұрақтар  беріп, сабақ тақырыбы ашылды. АКТ-ні тиімді пайдалана отырып, оқушылардың қызығушылығы мен білімді саналы меңгеруіне жағдай жасады. Сабақ барысында  түсіндіру әдісі, сұрақ – жауап тәсілі, кері байланыс қатар жүргізілді. «Кім жылдам?» ойыны арқылы формулалар пысықталып,  есептер шығарылды. Оқушылар  жұптық, топтық тапсырмалар орындады.    Сабақта топтық жұмыстар жүргізілді, әр топ тапсырмаларды талдап, постер қорғады. Партаның бетінде тұрған суреттердегі көріністі іс-әрекеттер арқылы көрсетіп, оқушылармен сергіту сәтін өткізді. «Құпия конверт» тәсілі арқылы жаңа тақырыпты қаншалықты түсінгендерін тексерді. Quizizz  платформасы арқылы тест тапсырмалары орындалып, сабақ соңында  кері байланыс жүргізілді.

Математика пәні мұғалімі Молдамирзаева 4 наурыз күні  5 «Ә» сыныбында «Ондық бөлшекті ондық бөлшекке бөлу» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Психологиялық ахуал тудыру мақсатында «Сәлемдесу, амандасу» ой серігін жүргізді. Мұғалім слайд арқылы жаңа сабақтың  мақсатын айқындап, тірек сөздер, бейнежазба  арқылы өмірмен байланыстыра отырып, жан-жақты түсіндірді. Сурет қиындылары арқылы оқушыларды топқа бөлді. «Джиксо» әдісі бойынша топтық тапсырмалар беріліп, оқушылар топта талдап,  постер қорғады. «Доңғалақ» ойыны арқылы есептер шығарылды, топтар бірін-бірі бағалады. «Сұрақты  ұстап ал»  әдісі арқылы ондық бөлшектерді  қосу, азайту және көбейту тапсырмалары бойынша есептер шығарылды. «Екі жұлдыз бір тілек» әдісі бойынша кері байланыс жүргізілді. Барлық тапсырмалары білім алушының деңгейіне ескеріліп беріліп, жұмыстар әртүрлі әдістермен өз үйлесімін тапты.

9 наурыз күні 5-11 сыныптар аралығында оқушылардың оқу–танымдық қабілеттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын дамыту мақсатында «Миф патшалығы» атты математика, физика және информатика пәндері бойынша олимпиада ұйымдастырылды. Олимпиадаға  барлығы 74 оқушы қатысты. Жоғары көрсеткіш көрсеткен оқушылар мақтау қағаздарымен марапатталды.

Математика пәні мұғалімі Ж.Т.Калмурзаева  9 наурыз күні 7 «Е» сыныбында «Перпендикуляр түзулер. Перпендикуляр, көлбеу және оның проекциясы» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Үйге берілген тапсырманың меңгеру деңгейін «Ия, жоқ»ойыны арқылы анықтады. Ойтүрткі сұрақтар қойылды, оқушылар белсенді жауап берді. Сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру әдісін пайдалана отырып, жеке, жұптық, топтық тапсырмалар ұйымдастырды. Баланың ойын ашуға бағытталған тапсырмалар арқылы сыныптың белсенділігін,  пәнге деген қызығушылығын оята білді.«Sokrative» мобильді қосымшасы  бойынша кері байланыс жүргізілді. Оқушылар сабақты жете түсінді және мұғалім жоспар бойынша сабақтың мақсатына жетті.

          Математика пәні мұғалімі Ж.М. Аргынбекова 10 наурыз күні 9 «Ғ» және 9 «Л» сыныптары арасында «Алтын қазына» атты сыныптан тыс сайыс сабақ өткізді. Сабақ кезеңдерінде  түрлі әдіс –тәсілдерді ұтымды қолдану арқылы  оқушылардың логикалық ой-өрісін дамытып, пәнге деген қызығушылығын арттырды. Математикалық сайыс  9 турдан тұрды. Сайыстың мақсатына сай тапсырмалар берілді. Тапсырмаларды әділқазылар   алқасы тексеріп, сәйкесінше балдар қойып, қорытындылап отырды. Әділқазылар шешімі бойынша жарыс жеңімпазы анықталып, жүлделі І орынды 9 «Ғ» сыныбы иеленді.

          Математика пәні мұғалімі С.Арапова 10 наурыз күні 6 «Ғ» сыныбында «Координаталық жазықтық. Тікбұрышты координаталар жүйесі» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты: Координаталық жазықтықтағы нүктені координаталары бойынша салу және координаталық жазықтықта берілген нүктенің координаталарын табу. Өткен тақырыпты «Доп лақтыру» ойыны арқылы қайталады.  Сабақта  заманауи оқытудың әдіс-тәсілдерін тиімді қолданды. Сабақтың мақсатына сай тапсырмаларды орындауда оқушылар белсенділік танытты.  Оқулықпен жұмыс жүргізіліп, деңгейлік есептер шығарды. «Quzzlet» платформасы бойынша  «Кім жылдам» әдісімен сабақты қорытындылауға тест берілді. Оқушылар берілген  тест тапсырмаларын тиянақты орындап, дұрыс нұсқаны белгіледі. Берілген бірнеше нүктенің координаталары арқылы   оқушылар тақтаға киіз үйдің суретін шығарды. «Үш қадам» кестесін толтыру арқылы сабақты қорытындылады.

Математика пәні мұғалімі А.Қадылбекұлы 11 наурыз күні 8 «Ж» сыныбында  «Фигураның ауданы» тақырыбында ашық сабақ өткізді.  Өткен материалды қайталау барысында «Кім шапшаң» әдісі бойынша мұғалім оқушыларға тіктөртбұрыштар мен үшбұрыштардың суреті мен ауданын есептейтін формулаларын қайталауды ұсынды. «Назар аудар!» тәсілі арқылы жаңа тақырыпты ашуға  бағытталған видеоға назар аударта отырып, оқушылардың тақырыптың мазмұнын өздері ашуына жол ашты.    Оқушылар тақтада параллелограмм және үшбұрыштың аудандары тақырыбы бойынша жылдам есептеу тәсілдерін дәлелдеп көрсетті. Оқушылармен ауызша бірнеше есептер шығарып, логикалық тапсырмалар орындады.  Тапсырмаларды оқушылар қызыға орындап, жылдам есептеу әдістерін көрсетті. Kahot платформасында берілген тапсырмалар арқылы сабақты қорытындылады. «Жеміс ағашы» әдісі арқылы кері байланыс жүргізді.

11.03.2022 ж.10 және 11 сыныптар арасында математика, физика және информатика пәндері әдістемелік бірлестігінің онкүндігінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Тәрбие жұмысының құрамдас бөлігі болып табылатын сыныптан тыс жұмысты физика пәні мұғалімі Б.К.Жандаева  мен математика пәні мұғалімі Е.А.Есмурзина  «Бес жұлдыз»  интеллектуалды шоу ойынын 10 және 11 сынып оқушылары  арасында өткізді.  Шоу 5 бөлімнен тұрды. Қатысушылар өздерінің білімдерін жоғары деңгейде көрсетіп, «Эврика» тобы жүлделі І орынды, «Тахион» тобы жүлделі ІІ орынды иеленді. Онкүндік аясында өткен олимпиада, сайыстар, конкурстар жүлдегерлері мақтау қағаздарымен марапатталды.

Қорытынды: Онкүндік барысында мұғалімдердің шеберлігі мен оқушылардың белсенділіктері байқалды. Математика, физика және информатика  пәндері  мұғалімдері  түрлі әдіс- тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау, өздігінен зерттеу және терең талдау дағдысын қалыптастырды.  Мұғалімдер ұйымдастырған іс-шаралар заман талабына сай ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы өтті. Жоспарланған ашық сабақтар, сайыстар, интеллектуалды ойындар,  олимпиадалар  толық орындалды және өз мақсатына жетті.